Балқаш қаласы әкімдігінің
Ресми сайт
poisk

Жаңалықтар

01.09.2019

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ


Кеше еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, қоңыр үн үлкен-кішінің жүрек қылын тербеді. Балқаш қаласындағы білім ұяларында да атаулы күнге орай салтанатты жиын өтіп, Білім күнінің алғашқы сабағы өткізілді.

Айтып өтейік, биыл қаламыздағы (Қоңырат ықшамауданымен Саяқ кентін қосқанда) 17 білім ұясының табалдырығын 11 400 оқушы аттаса, оның 1400-і бірінші сыныпқа барған. Ал, 2019-2020 оқу жылында 300-ден аса түлек бар. 

Осындай айшықты шара қаламыздағы заманауи білім ошақтарының бірі Ә.Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінде де өз деңгейінде ұйымдастырылып, білім алушыларға есігін айқара ашты. Салтанатты шараға қала әкімі Ораз Тәуірбеков, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Ағдарбекова қатысты. Жиында алдымен Қазақстан Республикасының көк байрағы көтеріліп, еліміздің Әнұраны әуелете шырқалды. Мұнан соң, №15 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Дүбірбекова сөз сөйлеп шәкірттеріне деген ақжарма тілегін жеткізді.

Өзінің жүрекжарды тілегін жеткізген қала әкімі Ораз Тәуірбеков:

-        Жаңа оқу жылының басталуын әрқайсыңыз әрқашанда жаңа үміттермен, тың бастамалармен, шығармашылық ізденістермен және жаңашылдыққа ұмтылумен байланыстырамыз. Жаңа оқу жылы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін білімге ғажайып жол ашады. Болашақ түлектер үшін мамандық және өмір жолын таңдау кезеңі болып табылады. Біз әлемнің барлық жетекші елдерінің қолжеткізген жетістіктерінің іргетасы сапалы білім негізінде жасалған экономика екенін көріп отырмыз. Білім ілгерілеу және барлық инновациялардың қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасының маңыздылығына оның адами капиталы мен елдің бәсекеге қабілеттілігін дамытудағы рөліне мән беріп, білім саласының дамуына қатты көңіл бөлуде. Жаһандық үрдістен қалмау үшін білім берудің жоғары сапасына қол жеткізу жолында алдымызға нақты міндеттер қойды. Қадірлі ұстаздар! Білім сапасын арттырудағы алға қойған мақсаттармен игі бастамаларыңызға кәсіби шеберлік, шығармашылық табыс және сәттілік тілеймін. Құрметті ата-аналар! Бүгінгі оқушы отбасының, қаламыздың үміті. Ал ертең біздің мемлекетіміздің тірегі. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бүлдіршіндеріміздің қадамы құтты болып, талабы оң болсын. Ертеңгі күннің еншісі бүгінгі ұрпақтың білімімен тәрбиесі төгілген термен өлшенеді. Сондықтан оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісіне сіздер ұстаздармен бірге үлес қосады деп сенемін. Қымбатты оқушылар! Ұлы Абай атамыз: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі», - деп айтқан болатын. Сіздердің білімге деген құштарлықтарыңыз шынайы, ойларыңыз жүйрік, қиялдарыңыз ұшқыр болсын. Биылғы жаңа оқу жылы баршаңызға білімнің жаңа шыңдарын бағындыратын сәтті де жемісті жұмыстарға және үлкен табыстарға толы жыл болғай!, -  деді.

Былтырғы оқу жылында аталмыш білім ордасына Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың есімі беріліп, биыл 11-ші мәрте 1 сыныпқа 100 бүлдіршін қадам басты. 10 жылда мектеп-лицейінен 827 түлек түлеп ұшқан. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге адал қызмет етуде. Салтанатты шара барысында «Шабыт» домбырашылар тобы «Тепең көк» күйін орындаса, 1 сынып оқушылары «Оқуда озат боламын» әнін шырқады. Сонымен қатар, 11 сынып оқушылары сөз алып атаулы күнмен құттықтады.  Жиын алғашқы қоңырау сыңғырымен аяқталды. Қоңырауды соғу құрметіне 11 сынып түлектері, халықаралық, республикалық ғылыми жобалар жеңімпаздары, «Алтын белгіге» үміткерлер Қуат Отарбаев пен Карина Каукенова және 1 сынып оқушылары Бектемір Сәбит пен Айша Бурленова ие болды.

Салтанатты шарадан соң, қала басшысы Ораз Тәуірбеков мектеп-лицейдің ішін аралап, қолөнер бұйымдары, мектеп жетістіктері мен тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Сондай-ақ, мектеп-лицейі жанындағы шағын орталықтың жағдайын көрді.

Бұдан өзге ювеналды полиция инспекторлары жаңа оқу жылы қарсаңында қала мектептерінде «Абайлаңыз – балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Мақсаты – балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу.



Кері қайту

01.01.1970
01.01.1970
01.01.1970

Ауа райы

19°
В Балхаше: малооблачно, Влажность 40%, Давление 716, ветер 1 м/с

Валюта курстары

USD 386.71
Euro 429.17
Рубль 6.02

Дауыс бер

Получали ли Вы электронные услуги на портале электронного правительства? Жауап беруДауыс беру мұрағаты
© 2007-2019 Балқаш қаласының әкім аппаратының ақпараттық порталы Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Яндекс.Метрика
© 2019 Зерттеме және сүйеніш: "Creatida" Интернет-компаниясы
На главную
Назад
Вверх