Балқаш қаласы әкімдігі Ресми сайт
poisk

Жаңалықтар

15.12.2017

Қала әкімі тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады


Тәуелсіздік- басымызға қонған бақ. Ол- ежелден еркіндікті серік етіп, ешкімнің бұйрығынсыз азат өмір сүруді ту еткен қасиетті бабаларымыздың келер ұрпағына сақтаған асыл мұрасы. Ұлы дала самалымен Көк байрағымызды асқақ желбірегеніне, тәуелсіздік атты сөздің санамызға сіңгеніне 26 жыл толды. Соған орай 14 желтоқсанда қаламыздағы М. Хамзин атындағы мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай «Мәңгілік Тәуелсіз Қазақстан дамуының негізгі тірегі - Рухани жаңғыру» атты салтанатты жиналыс өтті. Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған шараға қаламыздың мекеме, ұйым басшылары мен қызметкерлер, маслихат депутаттары, еңбек ардагерлері мен әр саланың майталмандары, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік салтанатты ашық деп жарияланып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні ойналғаннан кейін, құттықтау сөз қала әкімі Александр Аглиулинге берілді. Қала әкімі өз сөзінде: «Бірлік пен бейбітшілікті сақтаған Тәуелсіздігімізге 26 жыл толды.  Тәуелсіздігіміздің арқасында, қысқа мерзім ішінде Республикамыз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Халқымыз жарқын болашақ пен Қазақстанның ұлы тарихын құра білді, біз жаңа елордамыз – Астананы салдық. Еуразияның жүрегіне, еліміздің символына айналған бұл қала келесі жылы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтпек. Астана Саммиті жаңа заман бастау алған аса ірі халықаралық саяси оқиға деп танылды. Осы жылдың тарихи оқиғасының бірі ЭКСПО- 2017: «Болашақ энергиясы» Президентіміздің планетамызды сақтау жөніндегі жаһандық бастамаларының бірі болды. Болашаққа ұмтылу рухында жаңа Қазақстанның пайда болуы мемлекетіміздің басты табысы болып табылады. Бүгінгі таңда ең бастысы – халқымыздың дәстүрін жаңғырту, елдің айбынын арттыру, халықтың өмірін жақсарту, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау»,- деді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай марапаттаулар  ұйымдастырылды. Қала әкімі А.Аглиулин ең алдымен көп балалы ана- Аян Шынбаеваға «кумис алка» төсбелгісін тақты. «Нұр Отан» Партиясы республикалық филиалының арнайы алғыс хатымен, жерлесіміз, жеке кәсіпкер Александр Аларин марапатталды.
Сонымен қатар, қаламыдың қоғамдық- саяси өміріне белсенді қатысқан, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін  Құрмет грамотасы келесі азаматтарға: ардагерлер кеңесінің төрағасы- Совет Каукербекке, қалалық мәслихат депутаттары - Берік Алипов пен Азамат Сартаевқа, қалалық мұрағат басшысы- Аксана Исабековаға, «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі-  Дариға Алюбаеваға, №17 мектеп- лицейінің орыс тілі мұғалімі-  Людмила Аекинаға, Балқаш қалалық қазынашылық басқармасының бас маманы - Жанылган Тосбаеваға, Балқаш мыс байыту заутының гидрометаллургі-  Шырақбай Қанғалаковқа, ЖШС «Казахмыс Смэлтинг» басқармасының операциалық бөлім басшысы- Алмагүл Қрықбековаға, ЖШС «Казахмыс Смэлтинг» жұмысшысы- Қымбат Нукишовке, ЖШС «Казахмыс Смэлтинг», слесарь- жұмыскері - Боде Утегеновке, КММ «Балхашэнерго» диспечер қызметкері - Ирина Корягинаға, ЖШС «Ветлаборатории 2005» директоры- Индира Шарбековаға табысталды.
Алғыс хаттармен: білім беру жүйесінің ардагері Нағима Дакимова, жеке кәсіпкер Паата Сванидзе, корей этномәдени орталығының мүшесі Жорж Ким, татар этномәдени орталығының мүшесі  Рауза Хазбулатова,  неміс этномәдени орталығының басшы орынбасары Ольга Патанина, славян этномәдени орталығының мүшесі басшы орынбасары   Надежда Хазбулатова, лингвистикалық бағытты білім беретін №16 мектептің қазақ тілі және әдебиет мұғалімі Сайран Тлеубекова марапатталды.
Бұл мерекеде арнайы номинация иегерлерінің де есімдері аталды: «Еңбек адамы» мәртебесі- «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауыты мыс балқыту  цехы, газ үрлеу қондырғысы машинисті Татьяна Харчевниковаға бұйырды. «Айбынды жауынгер» мәртебесі- № 53898 әскери бөлімінің командир орынбасары Сулдуз Шукюровта, «Мәдениет майталманы» мәртебесі – орталық кітапхананың бөлім басшысы Айжан Арзымбетовада, «Шамшырақ» мәртебесі- №2 Абай атындағы лицей ұстазы- Назым Беспаевада, «Кәсіби білім» мәртебесі Балқаш сервис колледжінің информатика мұғалімі Светлана Харламовада, «Спорт майталаманы» мәртебесі поэрлифтингтан үш дүркін әлем чемпионы Алексей Федяевта, ал ең үздік шипагер Саяқ кентінің бас дәрігері Ляйля Тойшикеноваға бұйырды
Соңында, қаламыздың өнерлі адамдарының қатысумен ұйымдастырылған мерекеге ойластырылып жасалған композициялық қойылымдар, шырқаған әсем ән, әуелеген жыр, мың бұралған би мен күмбірлеген күй де өз нақышымен орындалғаны қалың көпшілікті тәнті етті. Келушілерге арнайы көрме ұйымдастырылды.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, Көк туымыз бейбіт аспаңымызда мәңгілік желбіреп, қасиетті Отанымыз – Мәңгілік Ел – Қазақстан Республикасы, жасай берсін!

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
 



Кері қайту

Ауа райы

-27°
В Балхаше: ясно, Влажность 63%, Давление 733, ветер 6 м/с

Валют курстары

USD 324.65
Euro 397.66
Рубль 5.74

Дауыс бер

Получали ли Вы электронные услуги на портале электронного правительства? ОтветитьАрхив опросов
Система Orphus
© 2007-2018 ГУ «Информационный портал акимата города Балхаш» При использовании материалов сайта ссылка на источник обязательна
Яндекс.Метрика
© 2018 Зерттеме және сүйеніш: "Creatida" Интернет-компаниясы
На главную
Назад
Вверх