Балқаш қаласы әкімдігінің
Ресми сайт
poisk

«Балқаш қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2013 жылғы жұмысы туралы есебі

Бөлім 2013 жылы өз жұмысын белсенді жүргізді. Сол жұмыстардың бірі – шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын түсіндіруге қатысты. Осыған байланысты екінші деңгейдегі банктердің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдерінің, Балқаш өңірінің кәсіпкерлер және өнеркәсіпшілер ассоциациясының, кәсіпкерлердің қатысуымен 7 кеңес және 4 дөңгелек үстел өткізіліп, онда нақты тапсырмалар берілді және проблемалық мәселерді шешудің жолдары қарастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүйелі түрде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша ақпараттар беріліп, ол жаңартылып отырылды.

2013 жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларына 100-ден аса кәсіпкер қамтылды. Шағын және орта бизнесте 10677 жұмыс орны сақталып, 433 жаңа жұмыс орны қосылды.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» төртінші бағыты шеңберінде кәсіпкерлікті бастағандарды қолдау шаралары бойынша жыл басынан бері шағын және орта бизнесті қаржылай емес жағынан қолдаудың «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасының 3 кезеңі жүргізілді. Осы бағдарлама бойынша 95 адам оқытылды (олардың ішінде 40 – жаңа бастағандар, 55 – бұрыннан шұғылданатындар). «Бизнес-Кеңесші ІІ» жобасы бойынша бизнеспен шұғылданатын кәсіпкерлердің ішінен 25 адам оқытылды. «Іскерлік байланыстар» шаралары бойынша Балқаш қаласында ағымдағы жылы 3 кәсіпкер оқуға жіберіліп, 2 кәсіпкер оқып шықты.

Халықты қаржылай және қаржылай емес қолдаудың мемлекеттік шаралары жөнінде ақпараттандыру мақсатында, 2012 жылдың соңында Балқаш қаласында Кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылған болатын. Осы орталық арқылы 270 кәсіпкерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультативтік көмек көрсетілді.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша 87 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін, несие сомасы 457,36 млн.теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Екінші деңгейдегі банктермен келісімге кешірек қол қойылғандықтан, бұл соманың 18 млн. теңгесі ғана игерілді.

Екінші деңгейдегі банктердің қарауында 56 жұмыс орнын ашуды көздейтін жалпы кредит сомасы 669,3 млн. теңге болатын 6 жоба жатыр және олар жақын арада Үйлестіру Кеңесінің қарауына ұсынылатын болады.

Аталған бағдарлама шеңберінде мемлекеттік гранттарды беру үшін конкурс өткізіліп, 15 млн. теңге сомасына 5 неғұрлым басым жобалар іріктеліп алынды және олар желтоқсан айында қаржыландырылды.

Серіктестік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жұмыс тобын құрып, Балқаш қаласындағы шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасадық. «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің Балқаш алаңындағы кәсіпорындарына қажетті тауар өндіретін, жұмыстар мен қызметтер көрсететін Балқаштағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарының мүмкіндігіне бағалау жүргізілді.

2013 жылы «Қазақмыс» Корпорациясының» Балқаш алаңындағы бөлімшелерінің мұқтаждығы үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көрсету жөнінде шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен 620 млн. теңгеге 47 келісім-шарт жасалды.

Индустриаландыру картасында жүзеге асырылатын екі якорлық жоба бар. «Сары-Қазына» ЖШС (Қоңырат кенішіндегі техногенді минералды түзілулерден мыс өндіретін зауыт) толық қуатына көшті, қазіргі кезде жақсы режимде жұмыс істеп тұр, пайдалануға берілген уақыттан бері 17 мың тоннадан аса катод мысы өндірілді.

Индустриалдық жобаларды жүзеге асыру одан ары жалғасуда. Ендігі жобалар – мысқұрамды шлакты қайта өңдеу жөніндегі байыту фабрикасының және катод мысын өндіретін гидрометаллургиялық цехтың құрылыстары. Бұл жоба жүзеге асырыла бастаған күннен оған 1,3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды, 60 жұмыс орнын ашуға қол жеткізілді.

Аталған нысанда жер жұмыстары жүргізіліп, технологиялық жабдықтардың 95% пайызы әкелінді, Қытайдан әкелінуге тиісті қалған технологиялық жабдықтарды импорттау бойынша кеденалды процедуралар жасалынуда.

2013 жылы өңірлік индустриаландыру картасы шеңберінде екі жоба іске қосылды. Оның біреуі – гранит тақтай тастарын және граниттен бұйымдар жасайтын, инвестиция көлемі 130 млн. теңге болатын және 30 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызған «Недра-Балқаш» ЖШС-і. Кәсіпорынның бұрыннан өндірген шикізаттарынан 12 мың п.м. гранит жиектастар жасалды. Қазіргі кезде алғашқы жылы 2000 текше метр гранит өндіру үшін жер қойнауын 20 жылға пайдалану жөнінде келісім-шарт ресімделуде. Қазірдің өзінде 25 мың п.м. гранит жиектастарына тапсырыс бар. Екіншісі – қуаты жылына 61 мың тонна және жалпы инвестиция көлемі 510 млн. теңге болатын, сонымен бірге 75 жұмыс орнын ашуды көздейтін Саяқ және Шатыркөл кеніштерінің қалдық үйінділерін қайта өңдеу жолымен темір концентратын өндіруге арналған «ICC» ЖШС жобасы.

Сөйтіп, Индустриаландыру картасында 4 жоба жүзеге асырылуда, олардың екеуі өткен жылы кіріп отыр.

Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы біздің қаламызда да нақты жетістіктерін көрсетті. Жылдың қорытындысы бойынша қалада шағын бизнестің 4457 белсенді субъектілері тіркелді, ол 2012 жылдың деңгейімен салыстырғанда 121,8% пайыз. Шағын бизнес саласындағы өнімдердің, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің көлемі 13 млрд. 667 млн. теңге болды, 2012 жылдың деңгейімен салыстырғанда 112,6%. Экономиканың осы саласындағы жұмыспен қамтылғандар саны 10,957 мың адам, 2012 жылдың деңгейімен салыстырғанда 111,1%.

Басқа да мемлекеттік салалық бағдарламалармен бірге Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында халықтың билік органдарына деген сенімі, қала тұрғындарының азаматтық белсенділік деңгейі артты.


Дата редактирования: 25 Тамыз 2019

© 2007-2019 Балқаш қаласының әкім аппаратының ақпараттық порталы Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Яндекс.Метрика
© 2019 Зерттеме және сүйеніш: "Creatida" Интернет-компаниясы
На главную
Назад
Вверх