Балқаш қаласы әкімдігі Ресми сайт
poisk

Балқаш қаласының 80-жылдық мерейтойын өткізу тұжырымдамасы

                                                      Балқаш қаласы әкімінің
2016 жылдың 29 тамызындағы № 91 өкіміне № 1 қосымша

"БАЛҚАШ ҚАЛАСЫ – ДОСТЫҚ ПЕН ТАТУЛЫҚ МЕКЕНІ"
Балқаш қаласының  80- жылдық мерейтойын өткізу тұжырымдамасы
Біз өткенді бағалаймыз және болашаққа сеніммен қараймыз

 


I.Кіріспе.
Тұжырымдаманың негізгі ұстанымы.
Балқаш қаласының тарихы Қоңырат мыс кен орнын игеру және Балқаш мыс балқыту зауытының құрылысының жүргізілуімен тікелей байланысты.
1928 жылы инженер М.П.Русаков бастаған Ленинградтық геологиялық-барлау экспедициясы Қоңырат жерінде мыстың жер асты қорын анықтау мақсатында барлау жұмыстарын жүргізді. Атқарылған жұмыстардың қортындысына сәйкес, 1929 жылдың маусым айында Балқаш өңірінде бірінші ұңғыманы бұрғылау басталды.
1929 жылы Орталық Қазақстандық мыс балқыту және қорғасын зауыттары, кеніштер мен кен байыту фабрикасының құрлыстарын жүргізетін «Казмедьстрой» мемлекеттік басқармасы ұйымдастырылды. 1931 жылы бұл басқармаға «Прибалхашстрой» атауы берілді..

1932 жылдың  5 ақпанында "Гипроцветмет" және Кеңес Одағының басқа да ірі қалаларының 25 жобалау институттары алып комбинаттың құжаттарын дайындауды бастады. Бұл тізімге Қоңырат кеніші, байыту фабрикасы, мыс қорыту және жөндеу зауыттары, жылу-электр орталықтары енгізілді.
1932 жылдың 29 маусымында  КСРО ауыр өнеркәсібі халық комиссариатының алқасы Балқаш көлінің Бертіс тұйық суы жағасына мыс қорыту зауытын салу туралы шешім қабылдады.
1933 жылдың сәуір айында құрылыс басшысы болып Василий Иванович Иванов тағайындалды.
1934 жылы жұмысшы кенті Прибалхашстрой деп аталды. 1934 жылдың 19 ақпандағы КазЦИК қаулысымен кент Алматы облыстық атқару комитеті құрамынан, тікелей КазЦИК-тің қарамағына берілді.
Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің (БОАК) 1935 жылдың 31 қаңтарындағы қаулысымен Прибалхашстрой кенті Қарқаралы округі құрамына берілді.
1935 жылы тәулігіне 40 тонна өнім өндіретін  нан зауыты мен монша-кір жуатын комбинаты іске қосылды. Сондай-ақ, 800 көрерменге арналған залы бар клуб пайдалануға беріліп, кірпіш зауыты, механикалық шеберхана, уақытша электр станциясы салынды.
1935 жылдың 21 желтоқсанында Қарағанды-Балқаш темір жол желісі іске қосылып, 1936 жылдың  қаңтар айының 12 күні алғашқы көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
БОАК 1936 жылдың 29 шілдедегі қаулысымен Прибалхашстрой кенті жаңадан ұйымдастырылған Қарағанды облысының құрамына енді.
1937 жылдың ақпанында алғашқы «Ударник» кинотеатры ашылып, автобус желілері пайда болды.

1937 жылы 1 наурызда Балқаш ЖЭО турбогенераторы өнеркәсіптік тоқ беруді бастады.
ҚазЦИК Президиумының 1937 жылы 11 сәуірдегі қаулысымен Прибалхашстрой кентіне қала  атауы берілді. Осылай Қазақстан картасында, көтеген ұлт өкілдері тұрғызған, жаңа қала – Балқаш пайда болды.
1938 жылдың 24 қарашасы күні, сағат 19.00-де балқаштың алғашқы мысы қорытылып алынды. Бұл күн Балқаш мыс қорыту зауытының туған күні ретінде тарихқа енді.
Алғашқы құрылысшылардың жемісті еңбегінің нәтижесінде, 1940 жылы Балқаш мыс қорыту зауыты Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қатарына қосылды.
1940 жылы қала халықының саны 40000 тұрғынды құрады.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында  жауды жеңуге, металлургтер қаласы еңбеккерлері өлшеусіз зор үлес қосты. Әскери техниканы жасау үшін аса қажетті мыс пен молибденнің елеулі үлесі Балқашта өндірілді. Соғыс кезінде КСРО-да өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Шығыс Қоңырат кенішінің кеншілері беріп отырған. Олардың теңдессіз еңбектері, Ұлы Отан соғысы тарихында, совет солдаттарының майдан даласындағы ерліктерімен тең бағаға ие болды.
1942 жылдың наурызында Кольчугино қаласынан көшірілген №517 түсті металдарды өңдеу зауытында, майданға қажетті өнімдер алынып, 1943 жылдың қаңтар айында алғашқы балқаш вольфрамы шығарылды.
Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті балқаш металлургтерінің қажырлы еңбегін  жоғары бағалап, соғыс жылдары Балқаш мыс балқыту зауытына 22 рет тапсырылған Қызыл Ту, соғыстан кейін мәңгілік сақтауға қалдырылды.
Ерекше жетістіктерінің белгісі ретінде КСРО-ның қорғаныс Министрлігі қалаға Т-34 танкін сыйлады. Жалпы, Үлы Отан соғысы жылдарындағы ұрыстарға 8854 балқаштық қатысып, оның 1735 майдан даласынан қайтып оралмады. Ерліктері үшін бес балқаштық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған, олар: Асфандияров Закир  Лутфурахманович, Миллер Петр Климентьевич, Подсадник Николай Павлович, Хоружая Вера Захаровна, Щербаков Олег Николаевич. Ал, Калмыков Николай Павлович пен Спицын Василий Петрович үш дәрежелі Даңқ ордендерінің толық иегерлері атанды.
Соғыстан кейінгі жылдарда қала еңбешілерінің алдында мыс балқыту өндірісін, құрылыс және өнеркәсіп индустриясын, әлеуметтік - тұрмыстық қызмет көрсетуді қарқынды дамыту міндеті тұрды. Бұл міндеттер де абыроймен іске асырылды.
1948 жылы мыс балқыту зауыты мысты балқыту, ал 1950 жылы руданы қайта өңдеу бойынша жобалық қуатына жетті. Өндірістегі атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп, 1952 жылы бірінші катодты мыс балқытылып алынды.
1958 жылы 8 сәуірде Балқаш мыс қорыту және түсті металдарды өңдеу зауыты, Қоңырат, Гүлшат және Шығыс Қоңырат кеніштері біріктіріліп Балқаш кен-металлургия комбинаты құрылды.
1964 жылы қарашада алғашқы вайербарсты мыс алынды.
1966 жылдың 13 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен, жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Балқаш кен-металлургия комбинаты Ленин орденімен марапатталды. 
1967 жылдың 21 қыркүйегінде, ӘБ маркалы балқаш мысы Лондон металдар биржасында эталон ретінде тіркелді.
1971 жылы желтоқсан айында қолданыстағы Саяқ кеніші іске қосылды.
1985 жылы шілде айында мыс сульфидті концентраттарын қайта өңдейтін, Қазақстандағы алғашқы - ПЖВ бірегей энерготехнологиялық кешені іске қосылды.
Қала комбинатпен бірге өсіп-өркендеп, елді мекенді абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде іске асырылып отыруы қала келбетінің жақсара түсуіне ықпал етті. Қала аумағындағы құрлыс жұмыстары әлеуметтік инфрақұрылымды желтілдіре отырып жүргізуге мүмкіндіктер жасады. Қалада бой көтерген тұғын үй шағын аудандарында балабақшалар, мектептер, дүкендер, тұрмыстық қызмет көрсету мекмелері қоса салынып, балалар ойын алаңдары мен тұрғындардың серуендеп дем алуларына жағдай жасау шаралары да іске асырылды. Бұл жұмыстар өз жалғасын табуда.
Қалада тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды   жоспарлау және құрылыс жұмыстарын  жүзеге асыруда қол жеткізген жетістіктері үшін 1976 жылы Балқаш қаласына КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығы тапсырылды.
«Прибалхашстрой» мемлекеттік құрылыс мекемесі тұрғын үй құрылысына жаңа жетістіктерді өндіріске енгізе отырып, 1961 жылдан бастап ірі панельді индустриялық құрылыс жүргізуге көшті. Бұған қоса Қазақстанда алғашқылардың бірі болып,  ашық алаңда жылына 35 мың текше метр газобетон жасап шығаруға қол жеткізді. Өткен ғасырдың 80-жылдарында, жаңа үлгіде жоспарланған көппәтерлі «Мобиль» сериялы үй салу игерілді.
Республика аумағындағы қалалар арасында абаттандыру шараларын сәтті іске асырғаны үшін Балқашқа ҚазССР Министрлер Кеңесінің Қызыл Туы бірнеше рет табысталды.
1987 жылдың 24 сәуірінде Балқаш қаласы халықтар Достығы орденімен марапатталды.

        Қаламыздың қалыптасуы мен өсіп-өркенбеуіне өлшеусіз үлес қосқан балқаштықтардың еңбектері жоғары деңгейдегі  марапаттармен аталып отырды. Олардың ішінде 11 Социалистік Еңбек ері атанса, 20 еңбек озаттары КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына лайық деп табылды,12-сі КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты атанды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаевтың тікелей қолдауымен Балқаштықтар уақыт сынынан мүдірмей өтіп, қайта құру мен нарықтық қатынастарға көшу сынынан сәтті өтіп, инвестициялар тарту арқылы балқаш мысы әлемдік нарыққа қайта шықты.
Мемлекет Басшысының қатысуымен мыс катанкасы цехы (1995ж.), аффинаж (1996 ж.) және зергерлік цехтар (2002 ж.), мырыш зауыты (2003 ж.), бұған қоса күкірт қышқылын өндіретін цех (2007 ж.) ашылды.
Бүгінде Балқаш қаласы – Қарағанды облысындағы қазіргі заманға сай инфрақұрылымы дамыған, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындар желісі, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру нысандары заман талаптарына сай жабдықталған өндірістік орталық. Шағын және орта бизнес күннен-күнге өркен жаюда. Туристік кластердің дамуы да қарқын алуда. Көшелері  көріктеніп, тұрғын үйлер салынып, жаңа әлеуметтік нысандар қатарға қосылуда.

Осы тұжырымдаманың Басты ұстанымы - Балқаштың 80-жылдығы ағымдағы және алда тұрған  міндеттердің тұтастығын қамтамасыз етіп, қаланың болашаққа нық қадаммен алға басуын қамтамасыз ету.
Балқаш қаласының 80-жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңаруына, жаңғыруына, қаланың жаңа бейнесінің қалыптасуына жол ашу. Қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін заман талаптары деңгейіне көтеру.             
Туризмнің даму қарқынын қөтере отырып, қаланың туристерге  тартымдылығын арттыру.
Мерекелеудің тұжырымдамасы туған қалаға деген сүйіспеншілік және патриоттық сезімге тәрбиелеуге бағытталған. Қаладағы тұрақтылық пен тұрғындарының бірлігі, қоғамдық және шығармашылық бірлестіктер, билік, бизнес саласының бір арнада жұмыс атқаруы негізінде жүзеге асырылмақ. Қала мерейтойын өз деңгейіде атап өту, әрбір тұрғынның қатысуынсыз, идеялары мен ынта-ықыласынсыз мүмкін емес.
80 жылдық мерейтойды атап өтуге байланысты қала әкімдігі мен мәслихаттың Балқаш тұрғындарына үндеу-жолдауын бастапқы кезеңде жариялау жоспарлануда. Осы тұста қаламыздың айтулы мерекесін дайындау мен өткізу шараларына қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлердің, қала жұршылығының және бұл күнде еліміздің басқа өңірлерінде тұрып, еңбек жасап жүрген жерлестерімізді, қуанышты бөлісе отырып, өз деңгейінде атап  өтуге үлес қосады деп сенеміз. Мұндай үндеу өз кезегінде қосымша мүмкіндіктерді іске қоса отырып, мерекелік іс-шараларды өткізуге қосымша қаржы тарту арқылы кең көлемде ақпараттық мағлұматтар таратудың шеңберін арттырары күмән тудырмайды.


II.Негізгі міндеттер.

  1. Қаланың тартымдылығын арттыра отырып, оның тұрақты дамуына жол ашу. Қала экономикасының келешегі бар салаларын өркендету ісіне инвестициялар тарту және іскер адамдарға жол ашуды қамтамасыз ету.

 

  1. Туризмді дамыту және қаланың мәдени құндылықтарының өрісін кеңейту.

        Балқаш - еліміздің астанасы Астана қаласын және Алматы мегаполисін байланыстыратын көлік торабы. Осы орайда Балқашқа туристерді тарту және бағыттау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу талабы туындап отыр. Жол желісін ретке келтіру, қызмет көрсететін инфрақұрылымдарды жетілдіру, логистикалық бизнес-құрылымдарды құру, тартымды маршруттарды әзірлеу, туристік кластерді дамытуға инвестициялар тарту бұл саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

  1. Қаланы абаттандыру, қаланың инфрақұрылымындағы әлеуметтік маңызы бар және мәдени- мұра нысандарында кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізу.

 

III. Негізгі бағыттар.

  1. Мерейтойлық іс-шаралар және олардың жарнамасын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатында:

- Балқаш қаласының алдағы мерейтойына орай медиа жоспарды жасау және іске асыру;

- әкім аппаратының және мемлекеттік органдардың Интернет-сайтында қаланың 80-жылдығына арналған бөлім ашу, онда мерекеге дайындық және өткізу барысы жайлы  барлық қажетті ақпарат орналастырылуы тиіс;
- қала жайлы және оның мерейтойына дайындық барысы туралы тақырыптық телебағдарламалар жасау;
- Балқаш қаласының 80 жылдығына арналған рәміздер (белгілер) әзірлеуге байқау өткізу;

- қаланың мерейтойына арналған көркемдік туындылар шығаруды қамтамасыз ету (кітаптар, фотоальбомдар, күнтізбелер, суреттер т.б.);

- қаланың жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететін мерейтойлық логотипімен брендтік тауарлар мен кәдесый өнімдерін жасап шығаруды қамтамасыз ету; (Қаланың келбетін дәріптеу оның жан-жақты дамуына ықпал етеді);

-Балқаш қаласының құрметті қонақтарына және тұрғындарына арналған алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын (грамоталар) шығаруды қамтамасыз ету.

2. Қаланың тартымдылығын қалыптастыру мақсатында:
- нақты инвестициялық жобаларды іске асыру және туризм саласында кәсіпкерлік қызметті жандандыру үшін әлеуетті инвесторларды тарту;
- тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта жаңартуға және қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешенін іске асыру;
-  қаланы абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт нысандарын жөндеу, апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесін шешу;
-  балқаштықтардың білім, мәдени және рухани әлеуетін арттыру. Мерейтойлық іс-шаралар қала тұрғындарының мәдениетінің деңгейін, патриоттық, азаматтық белсенділіктерін арттыруға ықпал етеді.
- қаламыздың атағын шығарған барлық есімдерді насихаттаған жөн. Қаламыздың тарихында өшпестей із қалдырған адамдардың атын насихаттауға байланысты шаралардың да мерейтой жоспарларында болуы қажет. 

IV. Мерейтой дайындықтарының кезеңдері.
I кезең. 2016 жылдың аяғына дейін қала мерейтойын мерекелеуді ұйымдастыру және ақпараттық жұмыстарын жүргізу;

II кезең.  2017 жылдың қаңтарынан бастап, желтоқсан айына дейін қаланың тарихында орын алған оқиғалар мен атақты адамдарға байланысты атаулы күндерді тойлау;

III кезең. Мерекелік ісшаралар – Қала күні:
20-21  қыркүйек 2017 жыл

V.  Қаржылық қамтамасыз ету.
Қаланың 80 жылдығын мерекелеу іс-шараларын дайындау және өткізуді қаржыландыру бюджеттік қаражат есебінен қарастырылмақ.

VI. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері.
Балқаш қаласының 80-жылдығын дайындау және өткізу мақсатындағы іс-шараларды іске асырумен айналысатын ұйымдастыру комитетінің және жұмыс комиссияларының құрамы қала әкімінің өкімімен бекітілген.
Ұйымдастыру комитетінің құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, бизнес-құрылымдардың белсенді өкілдері енгізілді. Ұйымдастыру комитетінің қызметі қалалық қоғамдық кеңесімен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылады.   
Ұйымдастыру комитеті қала мерейтойына байланысты келіп түскен ұсыныстарды қарайтын бастамашы және үйлестіруші құрылым болып табылады. Олар бұған қоса қаланың мерейтойын дайындау және өткізу жоспарын жасайды.

VI. Қорытынды.
Балқаш қаласының 80 жылдығын мерекелеуге дайындық және өткізу бойынша іс-шаралар іске асыру қала имиджін тұрақтандыра түсуге, инвестициялық тартымдылығын нығайтуға, туристердің өңірімізге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ қала тұрғындарының рухани және мәдени дамуына, балалар мен жастарды патриоттық және эстетикалық тәрбиелеуге, Балқаштың қалыптасқан құндылықтарын сақтау және жаңа мәдени құндылықтарды жетілдіре түсуге ықпал ететін болады.

 


Дата редактирования: 21 Қараша 2017

Система Orphus
© 2007-2017 ГУ «Информационный портал акимата города Балхаш» При использовании материалов сайта ссылка на источник обязательна
Яндекс.Метрика
© 2017 Зерттеме және сүйеніш: "Creatida" Интернет-компаниясы
На главную
Назад
Вверх